Жаңалықтар
«Sayat Zholshy & Partners» ҚР Жоғарғы Сотында бірінші әкімшілік істі сәтті аяқтады
2021 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда 2020 жылғы 29 маусымдағы №350-VI Қазақстан Республикасының жаңа Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі (бұдан әрі – «ӘРПК») қолданысқа енгізілді. Осы күннен бастап жаңа Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттар жұмыс істей бастады, олар мемлекеттік органдардың, лауазымды адамдардың жария-құқықтық қатынастарда қабылданатын (жүзеге асырылатын) шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдану жөніндегі істерді қарай бастады.
Жоғарыда көрсетілген соттардың жұмысы басталуының екінші күні, дәлірек айтқанда, 2021 жылғы 2 шілдеде біздің «Дауларды шешу» жөніндегі командамыз Клиенттің мүддесінде кеден органының ауыртпалық түсіретін әкімшілік актісін даулау туралы Әкімшілік талаппен Алматы қаласының Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жүгінді.
Өткен аптада ҚР Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы осы іс бойынша Қаулы шығарды, оған сәйкес іс бойынша орын алған жергілікті соттардың біздің клиенттің пайдасына шығарылған сот актілерін күшінде қалдырды.
Осылайша, Sayat Zholshy & Partners командасы Қазақстан Республикасының барлық сот инстанцияларында жаңа ӘРПК ережелері бойынша қаралған алғашқы әкімшілік істі сәтті аяқтады.
Бұл істе клиенттің мүддесін «Дауларды шешу» тәжірибесінің жетекшісі, «Sayat Zholshy & Partners» АК басқарушы серіктесі Виталий Водолазкин мырза ұсынды.
«Sayat Zholshy & Partners» АК Басқарушы серіктесті Виталий Водолазкин м-а: «"Біз Сіздермен тағы да жақсы жаңалықпен қуана бөлісеміз. Біз 2021 жылғы 2 шілдеде, яғни Қазақстанда жаңа әкімшілік соттар ашылғаннан кейінгі екінші күні бастаған алғашқы әкімшілік ісімізді табысты аяқтадық. Өткен аптада ҚР Жоғарғы Соты бұл іске нүкте қойды - біздің дәлелдерімізбен толық келісіп, соның негізінде кеден органының ауыртпалықты әкімшілік актісін заңсыз деп танылған Алматы соттарының сот актілерін күшінде қалдырды. Бірінші сатыдағы сотқа әкімшілік талап арыз берілген сәттен бастап ҚР Жоғарғы Соты осы іс бойынша Қаулы шығарғанға дейін 11 ай өтті. Менің пікірім бойынша, істі қараудың мұндай мерзімі ақылға қонымды болып табылады, өйткені салықтық және кедендік даулар басқа сот істерімен салыстырғанда едәуір көбірек уақытты қажет етеді. Бұған дейін біз ауданаралық әкімшілік сотта әкімшілік істерді қарау тәжірибесі туралы алған әсерлерімізбен бөліскен болатынбыз. Қазір ҚР Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасында мұндай санаттағы істерді қарау рәсіміне назар аударғымыз келеді, біздің ойымызша, мұндай істер бойынша азаматтық істер жөніндегі сот алқасында бұрын болған істерден мүлдем өзгеше. ҚР Жоғарғы соты кассациялық шағымды сағаттар бойы қарастыратынын елестете аласыз ба!? Менің ойымша, елестете алмайсыз, бірақ қазір бұл шындыққа айналды. Біздің тәжірибеміз көрсеткендей, ҚР Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының судьялары сөз сөйлеу уақыты бойынша сөз сөйлеушілерді айтарлықтай шектемейді. Олар процестің жарыстастығын қамтамасыз етуге тырысады және даудың мәнін мұқият түсінуге тырысады. Сот көптеген мәселелерді мемлекеттік органдардың өкілдеріне жібереді, олар өздерінің ауыртпалықты әкімшілік актісінің заңдылығын негіздеуі тиіс. Бұған қуанбау мүмкін емес!».
«Sayat Zholshy & Partners» Адвокаттық кеңсесі 25 жылға жуық мемлекеттік органдармен (салық, кеден, монополияға қарсы және басқа да даулар) дауларды жүргізуге маманданған. Біздің «Дауларды шешу» бойынша тәжірибеміз бірнеше рет түрлі марапаттармен және рейтингтермен атап өтілді. Аталған тәжірибенің жетекшісі, Басқарушы Серіктес Виталий Водолазкин халықаралық жетекші рейтингтерге сәйкес Қазақстандағы «Дауларды шешу» саласындағы жетекші заңгер болып табылады.